Зекеттен келген мал-мүлік "ДАЙЫН АСҚА ТІК ҚАСЫҚ ПА" ?!
Зекеттен келген мал-мүлік "ДАЙЫН АСҚА ТІК ҚАСЫҚ ПА" ?!

Айтпақшы бүгін жұмыс жеріме біреу келіп, мұқтаждығын айтып, әңгіме дүкен құрып, сол екі орталықта тағы біреумен байланыста болып екеуі арасында дәнекерлік жасап, бір ізгілікті амал болды. Олар да кетті. Мен қалдым, жаңа дүние емес бірақ жазып отырмын. Себебі, осында жазып қалдырсам оқырманның сын сөгісі мен пікірі де құнды дүние ғой. 

Зекет дегеніміз Ислам дінінің шарттарынан. Зекеттің Алланың бұйрығы екенін мойындау, мұсылмандығымыздың кепілі. Қарсылық білдіру де Алла сақтасын иманымыздан айырады. Демек, зекет мәселесі мұндай маңызды болса, оның бостан босқа емес екеніне тоқталып, аңдып басып, аялдап, ұзақ ойланып хикметтеріне майдан қылшық суырғандай мұқият үңілу керек. 

Зекеттің сөзбе-сөз мағынасы, шариғат танымы оның алғы шарттары, үлестіріліп берілуге тиесілі хақ иелері. Мұның бәрі бәрін фиқһ кітаптарынан оқып, үйрену ең абзал амалдардан саналады, сонымен бірге білгеніңізбен Алла ризалығы үшін деп талпыну олдағы өз алдына үлкен олжа. Біз ақырет үшінгі егістік алаңындамыз.

Жер бетіндегі тірліктің біз үшінгі мәні - "СЫНАҚ" майданы. Адам болып жаратылдық. Бай бол, орта құрсақты бол, пақыр, міскін бол, тақыр кедей бол, сеніміміз, тағдырымыз тұрғысынан әр біреуімізге белгіленген нәсіп сол. Бірақ жауапкерлік бар, олдағы салмағына қарай! Зекеттің шариғат бойынша көрсеткіштеріне сай келген адам өз иелігіндегі мал мүлкінің зекетін беріп, малын адалдайды. Бұйрық солай, орындау керек. Себебі сіздің зекетіңізбен малыңыз тазарса, келесі бір топтың да хақысы бар. 

Тоқтаңыз, зекет исламның бес шартының бірі. Маңыздысы парыз деп мойындасаңыз мұсылмансыз, ары қарай құл хаққылары айтылып отыр. Ал құл хақылары мен иманымыздың қорғалуы ақыретіміздің жер бетіндегі "АҢСАРЫ", солай емес пе? Демек бұл парыз шарттарына сай орындалғанда оның дүние және ақыреттік мұсылмандығымыз атына берері мол. Сол себепті зекеттен келген малды зекет деп қабылдап, оны тиесілі аты аталған топқа үлестіруде ақсап жүрген жоқпыз ба?!

Иә, зекеттің маңыздылығы соншалықты Жаратушымыз қасиетті Құранда  намазға байланысты аяттармен бірге атады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) зекетін бергендер мен бермегендер үшін де сүйіншілі хабарлар мен азаптаушы хадистер қаншама. Мұның әр қайсысы жеке толғандыру керек. Бекер емес. Ауыр аманат. 

Зекет, қоғамдағы сұраныстардың дауасы. Зекет бай мен кедей арасындағы сыйластық көпірі. Зекет шешімі зор ауыртпалықтардың мықты қамалы. Зекет бұзғындық, әділетсіздіктің қас дұшпаны. Зекет алынбас деген шайтани шыңдарды ерітетін алып күш. 

Иә, бүгінгі кездескен екеуі бірін-бірі танымайды. Алғашқысының мұң мұқтаждығын айтқан сәттегі шарасыздығы көз алдымда. Бейне бір құлдық хақысы менің үстімде сияқты күй кештім. Сәл үнсіздік, кейін жалғасты бір екі ауыз үміт аралас көңілге медеу сөздер. Бұл болғандардың ол адам үшін ықпалды әсері байқалмады. Бірақ, анау екінші адам келді, оның кішпейілдік қатынасы мен жұмсақ сөздері, көмек қолын созудағы үстемдік танытпау әдебі, мына бір мұқтаждың мұңды халін басқа күйге ауыстырып, көзіне жас, көңіліне қуаныш ұялатқаны көрініп тұр. Кездесу, екі адамның талабы қатар орындалды. Ойыма келгені зекеттен келген мал мүлік дайын асқа тік қасық емес, үлестіріп жеткізу керек. Себебі, оның артындағы адамзат үшінгі қайыр берекеті бас айналдырардай ұшан теңіз. Көзге көрініп, қолға ұсталғанының сыртында, перде далдасындағысын ойлаңыз. Аманаттар иелеріне сенімді қолдардың қорғауымен жете берсін, берекеті де адамзат үшін ғой. 

Аманкелді ҚУАНЫШҰЛЫАманкелді ҚУАНЫШҰЛЫ
2 года назад 614
0 комментариев