Бауырым, ата-анаңның халы қалай?
Бауырым, ата-анаңның халы қалай?

Бауырым,
Ата-анаңның хәлі қалай?
Аман-сау жүрсін сенің бағыңа орай?
Болса да қандай жағдай солар үшін,
Мінезің болу керек мамыражай.

Қолыңа ұстасаңда бар асылды,
Жиірек зиярат қыл жанашырды.
Дүние қуып жүріп ұмыт қылма,
Дүниеге әкелген анашыңды.

Әкеңе қатты сөйлеп қылма күнә,
Абай бол артық кетпей тіл-жағына.
Ибраһим пайғамбар да өз әкесін,
«Әкешім» деп шақырған дін жолына.

Жәннәтқа барғың келсе алғысын ал,
Тозаққа барам десең қарғысын ал.
Дұғасы ата-анаңның көмек болар,
Ақырет күні туса жан қысылар.

Жүретін қарсы сөйлеп кесірлене,
Үлкенін сыйламасты досым деме.
Сый беріп, жылы сөйлеп ата-анаңды,
Соңғы рет куантқаның есіңде ме?

Еске түсіп жасаған күнәларың,
Есің де ме оңаша жылағаның?
Кешіріммен түзеген әр қәтеңді,
Ата-анаңнан кешірім сұрағаның. 

Әкешің – аласармас алатауың,
Анашың – ыстық ұя, ақ отауың.
Соңғы рет қашан сүйдің, есіңе алшы,
Аялы ата-анаңның алақанын. 

Білесің, дүниенің бекерлігін,
Басыңнан бес күн жалған өтер күнің.
Ұмытпа, ата-анаңның разылығы,
Алланың разылығы екендігін!

Мейіржан Әлібек

Аманкелді ҚУАНЫШҰЛЫАманкелді ҚУАНЫШҰЛЫ
2 года назад 550
2 комментария