ШАЙТАН ЖАСТАРДЫ ҚАЛАЙ АЗҒЫРАДЫ
ШАЙТАН ЖАСТАРДЫ ҚАЛАЙ АЗҒЫРАДЫ

Жас бір жігіт дәрет алайын деп білегін сыбанғаны сол екен, шайтан лағынеті жүгіріп келіп, былай деп сыбырлайды:

«Жап-жас болып не көрінді сонша? Оралыңның барында ойнап күлмейсің бе? Бұл дүниеге екі рет келмейсің ғой. Ертең жасың келіп, қартайған кезде де құлшылық жасап үлгересің».

Жас жігіт мұның бәрі шайтанның сыбыры екенін бірден сезді де: «Ажал ешкімді жассың немесе кәрісің деп бөлмейді ғой», - деді.


Шайтан енді екінші жақтан келді: «Алла – Рақымды, Мейірімді, Кешірімді, Рахман, Рахиим емес пе? Оның үстіне қаншама күнәһар бар. Соның бәрінен есеп алынады дейсің бе? Көппен көрген ұлы той! Жұртпен бірге пешенеңе жазғанын көресің. Қайсыбірін уайымдайсың? Бүйтіп тоңқаңдап жүргенше өмірдің бар рахаты мен ләззатын татпайсың ба?»


Осы ретте жігіттің ойына имам Ағзамның мына сөзі орала кетті: «Сен осы қолындағы уды ішіп, дертіне шипа тапқан адам көріп пе едің? Күнә жасап, артынан Алланың кешірімін күту де дәл сондай. Сондай-ақ Алла Құранда барлық адамның есебін алу – бір адамның есебін алғандай оп-оңай екенін баян еткен. Сен де бекерге білгіштене берме!»


Ібіліс енді жігіттің жүрегіне басқа бір жол іздей бастады: «Ойланып көрші, ол жаққа барып келген біреу бар ма? Осынша еңбек етесің. Жастығыңда қызық көрмей, өліп талып құлшылық жасайсың. Арғы жаққа барғанда, ештеңе болмай қалса не істейсің? Босқа қор болып өмірден өткенің қалады», дейді.


Жігіттің жауабы дайын еді: «Айдалаға лағып қайтесің, лағынеті! Қалайша ешкім барған жоқ дейсің. Барып келді. Сүйікті Пайғамбарымыз барып келді. Миғраж оқиғасында ол жақта не барын өз көзімен көріп келді. Бізге соны айтып берді. Ал мен соған сенетін адаммын. Оның үстіне құлшылықты бір нәрсе табу үшін жасамаймыз. Жалғыз мақсатымыз – бір Алланың разылығына қауышу. Ғаламдардың жалғыз Иесі Алла разы болса, екі дүниеме сол жетеді», -деді.
- Пайғамбардың ол жаққа барған-бармағанын көзіңмен көрген жоқсың ғой, деп шайтан жігіт көңіліне күдік ұялатқысы келді. Бірақ жігіт онысына да көне қоймады.


- Біз күн сайын оқып жүрген қасиетті Құран кәрім – хазрет Мұхаммедтің пайғамбар екеніне анық дәлел. Одан артық дәлелдің маған қажеті жоқ.


Осыны естіген шайтан атақты әули құлдарға қолданатын әйгілі әдісіне басты: «Әй, жас жігіт бүгінге дейін дәл сендей ғүламаны көзім көрмепті. Бір сөзіме сенбедің-ау? Не деген терең білімнің иесі едің өзің» деп мақтай бастады. Жігіттің ойына кезінде Жүнейд әл-Бағдадидың басынан өткен оқиға сап ете қалды. Сөйтті де былай деп жауап қайырды: «Әй, лағынет атқыр шайтан! Енді мені мақтап тәкаппарлыққа тартқың келе ме? Жоқ, ол пиғылың бола қоймас. Сенің жамандығыңнан Аллаға сыйынамын. Алла көкейіме салмаса, бұл сөздердің бірін де саған айта алмас едім. Өйткені мен ешкім емеспін. Мені тура жолға салған бір Алланың өзі. Маған жанды да, тәнді де, сөйлейтін тілді де, жол табатын білімді де берген жалғыз Алла ғана!»


Жас жігіт осыны айтты да, дәретін ала бастады. Шайтан да өз жөнімен кете барды.

Аманкелді ҚУАНЫШҰЛЫАманкелді ҚУАНЫШҰЛЫ
2 жыл бұрын 948
3 пікір
  • Қазіргі таңда өкініштісі осы "Көппен көрген ұлы той" деген тұжырым халық арасында кең тарады...
    Алайда әркім өзінің жеке басынан сұралатынын білсе екен ғой...
    2 жыл бұрын
  • Сондықтан "Әғүзу билләһи минаш шайтанир ражим" деген сөзді жиі айтып жүру керек.
    2 жыл бұрын
  • МашаАллаһ!
    Аллаһ Тағала барлығымызға әрдайым осылай жауап бере алуды нәсіп етсін!
    2 жыл бұрын